Бүгінгі мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Әрбір үй 14 наурызда сандығының түбіндегі қыс бойы сақтаған бар тәттісін шығарып, «Қазан толы болсын!» деп дастарқан жаятын. Әр отбасының үлкендері балаларына, ағайын-туысқа батасын беріп, Наурызға аман-есен жеткеніне қуанады. Әсіресе, көненің көзі — қариялар үшін бұл айрықша мейрам. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймыз!




