Құстың тұмсығындай қысқа ғұмырда өміріңе өрнек салып, өзіңе де, өзгеге де, халқына қалтқысыз адал жандар жаныңда жүрсе бойыңа қуат бітеді. Сондай адамның бұл фәниде енді «жоқ» екенін сезінсең көңіліңнің терезесін көлеңке басады.
Көңілі таза, ізгілікті ойлайтын, кәусар таза адамдардың жөні бір бөлек.
Баданов Таңатар – өте қарапайым, ақкөңіл, адал жан еді. Сондықтан да оның өмір жолы, адамдық болмысы, қоғамдық-педагогикалық қызметі, азаматтық тұлғасы, адамгершілік қасиеті кейінгі толқынға үлгі боларлықтай. Білімімен, білігімен ұстаз жолында да көпке үлгі болды. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздықты таңдаған Таңатар ағай әрбір шәкіртінің жүрегінде ұстаздық зердесін оятқан ұлағатты тұлға еді. Сондай-ақ, ол жамандықтан ада, жақсылыққа жаны құмар, парасат биігінен көріне білген нар тұлға болатын. Иә, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», – деп ұлы даналарша тебіренсек, ұстаз есімін болашаққа самғататын құнды мұралары мен игі істері қалды.


